Список статей
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»

«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»

 

 

«Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес,

 бір ұлттың тілінде

сол ұлттың сыры,

 тарихы, тұрмыс

тіршілігі,

 мінезі айқын

көрініп тұрады»

 (М.Жұмабаев).

 

Тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі де қасиетті де қастерлі мемлекеттік тіліміз. Тіл - ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз

белгісі. Тілдің тағдыры - баршамыздың қолымызда деп түсінемін. Өйткені бүгінгі таңда әр мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Қандай сала болмасын ең алдымен қазақша сөйлесіп, қарым-қатынас құралы ретінде де іс-қағаздар, құжаттар толтыруда да мемлекеттік тілде жазар болсақ тілдің қолдану аясы кеңейе түсері анық. Тілді жетік меңгеру үшін менің пікірімше ынта-жігер, орта қажет. Ол ортаны сіз бен біз болып қалыптастырсақ барша мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға ұмтылады. Себебі заман талабы мемлекеттік тілді білу қажеттілігінен туындаған соң жауапкершілікте арта түстіні анық.

«Тіл- тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, барлығымыз да ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастадық. Ана тілін ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортамызға еліктеу арқылы үйренедік. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгере түстік.Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе берді. Бұдан шығар қорытынды да әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғаларын да сөйлеткен қазақ тілі. Жалпы ана тіліміздің өзі халқымызбен, бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Кешегі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне арластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би- шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Ал, бүгінде осы атадан жеткен асыл мұра тілімізді қастерлеу елдің мәртебесі саналатынын санамызға берік ұстануымыз қажет.

Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Тілге деген көзқарастың өзі елге деген

көзқарас екенін ұғындық.  Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Алайда әрбір қызметтегі тұлға болсын, қарапайым адам болсын алдымен өзінен бастауы қажет. Мемлекеттік тіл жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз. Шыны керек бұл деңгейге әлі толыққанды жете алмай отырмыз.

Біріміз енжар, енді біріміз ниеттенбейміз, тағы біріміз жауапкершілікті артықымыз келмейді. Енді біріміз немқұрайлымыз. Айта берсек қоршаған ортаға да байланысты дерміз. Мысалы қарапайым жағдай. Өзге ұлттың бірі не өзіміздің ұлттың өзі бір ғана өзі өзге тілде яғни, орыс тілінде сөйлей кетсе, жауап беруші өзіміз де айналадағы адамдар да дерлігі орыс тілінде сарнап қоя беретініміз жасырын емес. Осылай бір сауалға баршамыз орысша жауап береміз. Ал егер қазақ тілінде жауап бергенде не болар еді деген сауалға ойланып көрелікші.

Сонымен қатар, бүгінгі күні біздің елімізде тілдердің үш тұғырлығы деген жаңа термин де пайда болды. Сонымен бірге латын әліпбиі де

енгізілуде. Әрине бұл жағдайларда әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білуді талап етуде. Дегенмен, әлемдік даму үрдістерінен кейін қалып қоюға болмайды. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. Ата заң аясында бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.

Тілдің мәселесі - ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Ал қызметтен бөлек тіл мәселесіне келсек.Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше екенін, әр отбасы балаға қазақ тілін үйретуді қолға алса, бұл тілдің еш қиындығы жоқ. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз жайттар, мәселенің өзі. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз деп түсінген жөн. Мемлекеттік тілдің мерейі дегенде Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі деп санағанда мерейі асқақтары сөзсіз. Өнеге боларлық азаматтар да баршылық. Мемлекеттік тілдің мәртебесі дегенімізде ең айтулы қуанышты жағдайдың өзі бүгін туындап отырған сияқты. Елбасының жуырда ғана айтқан барлық жиналыстардың, баяндамалардың мемлекеттік тілде жүргізілуін талап еткендігі. Тіліміздің мерейі

деген де осындай игі бастамадан бастау алады. Баяндамашылардың басым көпшілігі кіріспемен сәлемдесудің өзін қысқа қайырып қалған негізін орысша баяндаушы еді. Бұл бағыт тосқауыл жасағаны шынымен көзқарастың өзгергендігіне әкелді. Ия, тілін сындырып күмілжісе де мемлекеттік тілдің қажеттілігі туындағаны білінді.

Мемлекеттік тіл- қастерлі де қасиетті ұғым екендігін түсіну тілді жетік меңгермеген тұлғалар үшін жауапкершілікпен талап қойылған сәтте саналарына жете бастады. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер де тіліміз.

Мемлекеттік тілімізді жетік меңгеру - әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Елбасының бастамасымен басталған

игі қадам өз мәнінде мемлекеттік тіліміздің дамуына мүмкіндік берді десем артық айтпағаным. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отырғаны қуантарлық жайт. Бұл таңда мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.

Аталған әрекеттердің бастауы да мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қойғандығы. Алғы шарттардың бірі балабақшалардан

бастау алатын ортадан бастаған қадамдар сәтті болатыны анық. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандарына, ұстаздарға ең алдымен отбасындағы ата-анаға, біздерге жүктеліп отыр. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.

Болашақта мақсатымыз да әлем танитын ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз қажет. Ата-бабаларымыздың тарихы мен

шежіресі, түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас, әрі бірегей ұғым. Қоғамның жылжып өзгеруіне байланысты тіл де дамып өзгеріп отырады. Қазақ тілі мәселесін мемелекеттік деңгейге көтерілгеннен кейінгі жылдары бұқара жұртшылықтың да, жастардың да ана  тілі үшін көптеген маңызды жұмыстар атқарғаны белгілі. Тіл жойылса, халықта жер бетінен жоғалады.

Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл-өмірдің талай сынынан өткен,

өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт- дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі- ана тілі. Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде қасиетті қазақ тілім!

Тілдерді дамыту – елдердің мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге

асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс.

Тілді насихаттауда,үйретуде жеке адамдардың, отбасының атқарар қызметін жан-жақты зерттеп, оны жүзеге асырудың озық әдістемесін жасауда да БАҚ-тың атқарар қызметі мол болуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Тілсіз

халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз - мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», - деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.

 

Автор: Аманжолова Г.Д
Просмотров: 32
Дата создания: 24 Июня 2018 г.
Дата редактирования: 24 Июня 2018 г.
www.egov.kz
Опрос